ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Аудан әкімі ҰОС ардагеріне мүгедек арбасын сыйлады

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Аудан әкімінің қабылдауында болған 96 жасар Ұлы Отан Соғысының ардагері Құныбай Жаныбаев аудан басшысына жүріп-тұру үшін арбасының жоқтығын айтып мұңын шаққан. Аудан әкімі Асқар Мұратұлы қарияның өтінішін жерге тастамай қажетті арбасын алып берді. Тосын сыйға қуанған Құныбай ақсақал өзінің алғысын айтып, ақ батасын берді. ҰОС қатысушысы Құныбай Жаныбаев 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Зеренді ауданының Қошқарбай ауылында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын өзі туған ауылда мал бағудан бастаған. 1941 жылы әскер қатарына Целиноград қаласынан шақырылған. Кавалериялық дивизияға түскен Құныбай ата Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысып, Украинаға дейін жеткен, сөйтіп сол жерде өзінің Жеңісін күтіп алған. Зайыбы Інжумен 8 бала, 15 немере және 9 шөбере тәрбиелеген.