Жеңіске 70 жыл: Даңқ орденінің толық иегері, батыр барлаушы Х.Әбдешевті қалың қазақ біле ме екен?

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы кезінде қаһармандық көрсетіп, Батыр атанған, бірақ Қазақстаннан тысқары аймақта қалғандықтан, қалың жұрт біле бермейтін қазақтар да бар. Соның бірі Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы Ақоба ауылында туып-өскен Хайролла Әбдешев еді.

Жеңіске 70 жыл: Даңқ орденінің толық иегері, батыр барлаушы Х.Әбдешевті қалың қазақ біле ме екен?

1925 жылы 18 қарашада дүниеге келген Хайролла «Алғабас» колхозының жұмысына дендеп араласа бастаған шақта майданға аттануына тура келді. 1942 жылдың жазында ол барлау бөлімшелерінің кіші командирлерін даярлайтын оқу батальонына алынды.

Бір жылдан кейін 4-Украина майданы 18-армия 2-гвардиялық әуе десанты дивизиясы 7-полктегі барлаушылар жасағының құрамында Х.Әбдешев Украина жерін жаудан азат ету ұрыстарына кірісіп кетті. Киев түбінде оның бөлімшесіне жаудың атыс нүктелерінің орналасуын барлап, «тіл» алып келуге бұйрық берілді. Түн ортасы ауғанға дейін жаудың алғы шебін бақылаған барлаушылар Бравары елді мекеніне жетті. Таң алдындағы қымбат уақытты пайдаланып қалуға тырысқан топ жау қорғанысына гранаталарын жаудырып, орға Хайролла бірінші болып секірді. Әп-сәтте екі неміс солдатын қолға түсіріп, қалғандарының көзін жойған барлаушылар тұтқындарды өз шептеріне жеткізді.

Хайролла Әбдешевке мұндай тапсырмалардың талайын орындауға тура келді. Бәрінде де оған батылдық, жеңіске деген сенім, қандыкөйлек жолдастары серік болды.

1944 жылғы 1 тамызда гвардия жауынгері Надворная қалашығының (қазіргі Ивано-Франко облысы) оңтүстігіне қарай орналасқан жау шебіне бірінші болып кіріп, бірнеше гитлершілдің көзін жойды. Осы ерлігі үшін 31 тамызда үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Тағы бірде Әбдешевтің тобына төрт сағаттың ішінде «тіл» алып келу тапсырылды. Жүрек жұтқан барлаушылар мұны да қапысыз орындады. Әрине, қалың жаудың ортасына барып, «тіл» алып келу оңайға түспейтін, тіпті өліммен бетпе-бет келетін немесе кездейсоқ сәттер аз болмайтын. Бірде олар «тілді» қолға түсіргенмен, қайтуға үлгермеді - таң атып қалды. Амал жоқ, шағын орманда күні бойы жасырынуға тура келді. Есесіне барлаушылар алып келген тұтқын аса құнды деректер берді. Соның нәтижесінде 27 қазанда Ужгород қаласы азат етілді.

1944 жылы 22-24 қазанда Закарпатьедегі Уклин, Цаклановице елді мекендері ауданында құрамында Хайролла бар барлаушылар жаудың 28 атыс нүктесінің орналасқан жерін анықтап қайтты. Осы жылғы 21 қарашада батыр барлаушы екінші дәрежелі Даңқ орденін иеленді.

Чехословакия жерін азат ету де оңайға түскен жоқ. Бұл кезде гвардия кіші сержанты Х.Әбдешев бөлімше командирі еді. Кошице қаласының оңтүстік-батыс жағындағы Макранце елді мекеніне бөлімшесімен басып кіріп, жаудың екі бірдей атыс нүктесін жойып жіберді. Содан кейін Моравска-Острава қаласының түбінде Х.Әбдешевтің бөлімшесі күші басым дұшпанға төтеп беріп, автоматшылармен бірге негізгі күш келіп жеткенше плацдармды ұстап тұрды. Жау бұлар орналасқан биіктікке бірнеше рет шабуыл жасаса да, ығыстырып шығара алмады. Ауыр жараланған Хайролла алдыңғы шептен кетпей, автомат оғымен жаудың ондаған солдатының көзін жойды.

Ұлы Жеңісті госпитальда жатып қарсы алған Хайролла Әбдешев 1945 жылы 15 мамырда өзінің бірінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталғанын білген жоқ еді. 1950 жылы ғана аудандық әскери комиссариатқа шақырып, Батырға марапатын табыс етті.

Гвардия сержанты 1946 жылы елге оралғаннан кейін «Алғабас» колхозында маңдай терін сыпырып еңбек етті. Алайда соғыс салған жара жазылмады. 1973 жылы 7 қараша күні қайран ер небары 48 жасында өмірден өтті. Кейін аудан орталығы Ақбұлақтағы бір көшеге Батырдың есімі берілді. Онымен Ақобада бірге өскен, өзі де екінші және үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері Шайдолла Қажығалиев «Алғабас» колхозында Хайролламен бірге қаршадайынан өгіз баққанын айтып отырады екен. Сол Ақобадан соғысқа аттанғандардан тек санаулы адам ғана елге оралды.

Айта кетейік, Орынбордың кезінде Қазақстанның астанасы болғаны өз алдына, Ақбұлақ ауданы өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін Ақтөбе облысына қарап тұрды. 1989 жылы осы жолдардың авторы Ақбұлақта болған сапары кезінде жергілікті өлкетанушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сансызбай Дәулетов Хайролла Әбдешев туралы деректерді ұсынған еді.

Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін Батыр атанған қазақтардың саны 100-ден асты. Сол қатарда Даңқ ордендерінің иегері Хайролла Әбдешев те нық тұруы тиіс.