ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: «Соғыс балалары» әкелеріне майданда жігер берген әсерлі әндерді шырқады

Кеште ардагерлердің халықтық хоры соғыс кезіндегі танымал әндермен қатар, жергілікті авторлардың белгілі әндерін орындады.
«Соғыс туралы әндер сарбаздарға шешуші шайқастарда жігер берген. Үйде қалған туыстары мен жақындарын еске алуға әсер еткен», дейді хордың қатысушылары. «Әкем соғыстан өзінің шын серігі - сырнайымен оралды. Ол әндерді құйқылжытып орындайтын еді. Бірақ, Катюшаны салғанда тіпті, жадырап кететін. Менің есімімді де сол әннің құрметіне қойғанына мақтанамын. Хорға қатысып жүргеніме 18 жыл болды. Қазақтардың арасында өскең соң, қазақша өлеңдерді орындағанды жақсы көремін, сонымен қатар украин, орыс және татар тілдерінде де ән айтамын. Бұл шара маған қатты әсер етті. Осында жиналғандардың барлығының әкесі - майдангер. Біз - "соғыс балалары", ерте есейдік. Соғыс жүрегімізде із қалдырып, тағдырымызға әсер етті», - деді хордың қатысушысы Екатерина Черепова. Кеште соғыс жылдарында танымал болған «Катюша», «Синий платочек», «Священная война», «Майский вальс» әндерінің шығу тарихы да айтылды.