ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Оқ пен оттың ортасынан оралған азамат
Тас мешін-ашаршылық кезі болғасын анасына еріп, Ташкент жақта тұратын ағаларын сағалады. Өзбекстанның бас қаласының арғы жағындағы Үштөбе деген жерде анасымен бірге тұрды. Аштан өлмес үшін мал шаруашылығымен айналысады. Анасы Палайым сауыншы болып, бала Яхия анасына көмекшілік етті. Осылайша жан сақтады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Анасы аурулы болып қалды. Амал жоқ, елге бет түзеуге тура келді. Құданың құдіреті, Қараөзекке келгеннен кейін анасы сауыға бастады. Ашаршылықтан соң ел тірлікті бастап, аздаған дән сеуіп, тіршілікке бет ала бастаған кез еді бұл. Ағайын-туыстар да ес жиып, бұларға қолдан келген көмегін жасады. Яхия мектеп табалдырығын аттап, төрт кластық білім алды. Сөйтіп жүргенде ауылға Яхияның Ташкенттегі кіші ағасы Үсен келді. «Қанына тартпағанның қары сынсын" дегендей, ол інісін қасына ес болуға ертіп кетпекші екен. Бұл кезде Яхияның да ат жалын тартып мінер азамат болған шағы. Оның бұл сапарына анасы да қарсы болған жоқ. Сонымен ашаршылық кезінде Ташкентке бір барса, азамат болған шағында тағы бір барып, ел көріп, жер көрді. Үлкен шаһарда ауылда алған төрт кластық білімі кәдеге асып, ФЗО-ға оқуға қабылданды. Оны бітіргеннен кейін Ташкенттің тоқыма-мата комбинатына қатардағы жөндеуші болып жұмысқа орналасты.
- Өзім құралпы төрт жігітке жатақханадан жай беріп, жұмысымызға да төселіп, жақсы болып қалып едік,-деп еске алады бүгінде ҰОС ардагері Яхия Тасыров сол бір жастық жылдарын. - Көп ұзамай шебердің көмекшісі болдым. Осы кезеңде сонау батыстан қан құйлы гитлершілдер соғыс өртін бұрқ еткізді. Кеңес халқы "Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін" деп ертелі-кеш еңбек етті.
Бұл кезде Яхия солқылдаған 19 жасқа келген жас жігіт еді. Ол соғыстың бас кезінде броньмен қалдырылды. Осы кезде Ленинградтан, Ресейдің басқа да үлкен қалаларынан тоқыма мата комбинаттары Ташкентке қоныс аударды. Себебі соғыс жағдайында олар эвакуацияланды. Ташкенттің тоқыма-мата комбинатының жұмыс ауқымы кеңейді. Яхия күндіз-түні жұмыс басынан табылып жүрді. Сол 1941 жылдың желтоқсан айында Яхия Тасыров тоқыма-мата комбинатының іргесіндегі Фрунзе аудандық әскери комиссариатына шақырылды.
-Алдында броньмен қалғанымызбен осы желтоқсан айында сұрапыл соғыстың нағыз қызып жатқан кезі еді. Еліміз бойынша үлкен мобилизация жүрді. Сол күні ол әскерге шақырылып, тоқыма-мата комбинатымен есеп айырысып, қолына қажетті заттарын алып, эшелонға мініп, батысқа қарай жол тартады.
Новосибирскідегі әскери бөлімшеге келіп түскен Яхиямен бірге келген он бала да бір үйдің баласындай болып, әскери өмірге бейімделе бастады, әскери жаттығу ойындарын меңгеруге тырысты. Әскери жаттығу қатаң тәртіпте командирлердің берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға икемделді, пыси түсті.
Пензаға барған әскери бөлім тағы да бір айдай жаттығудан өтіп, 1942 жылы қыркүйек айында Мәскеуде болды. Орал өңірінде әскери палата тігіп, ағаш кесіп, окоп қазып үйренді.
Әскери жауынгер Яхия Тасыров Сталинград майданына келгенін жау ұшақтарының бұлар мінген эшелонды бомбалаған сәтінен біледі.
- Сол сәтте қару-жарақ тиелген эшелоннан қару-жарақ түсірдік, пушкаларды, пулеметтерді бүркемелеп орадық, -деп еске алады Яхия Тасыров. -Біз түнімен жүріп отырып таудың етегіне орналастық. Дон өзегінің жағасында "Красная балка" атты терең сайға қаруларды ату шебіне бағыттап құрдық. Командирлердің тапсырмасымен тереңдігі үш метрдей етіп ор қазып, жау танкілерінің өтуін болдырмаудың шараларын жасадық. Қақаған орыс қысы келді. Аса ауыр есептегі пулеметті орналастырып, жауға қарсы қоятын. Әр солдаттың өз міндеттері болушы еді. Алғашқы соғыс болған жазық дала 800-1000 метрдей екен. Екі ортаны жау миналап тастаған. Немістер де қарап жатпады. Алма-кезек ұрыстарда менің қолым дыз ете қалғандай болды, содан соң барып байқадым, снаряд жарықшағы тиген екен. Жау танкілері қазылған окоптардан өте алмай кері шегінді. "Клим Ворошилов" деген жазуы бар Кеңес әскерлерінің танкілері жауды қуа жөнелді.
Осы шайқаста жауынгер Яхия Тасыров "Қызыл жұлдыз" орденіне ұсынылады. Ал, бұл награда Я.Тасыровке 1947 жылы соғыстан соң тапсырылды.
Алапат соғыс сәл саябырлаған соң, 120 жауынгерден автоматшылар ротасын ұйымдастырып, ақ қардың үстімен жүріп отырып, немістерді қуғандар қатарында жауынгер, кейін сержант атағын алған Яхия Тасыров та бар еді.
1943 жылдың ақпан айында тұтқын болып түскен немістерді белгіленген жерге айдап апарғандардың бірі Яхия еді. Осы шайқастағы ерлігі үшін жауынгер кіші әскери командир Яхия Тасыров Жоғарғы бас қолбасшы И.В.Сталиннің "Алғыс хатымен" наградталды.
Қарбалас соғыс күндерінің бірінде Яхия Тасыровтың оң аяғына тізеден төменгі жерден оқ тиіп, Мәскеудің Пушкино қаласындағы әскери госпиталіне түседі, осы емдеу орнында жатып Жеңісті естіген жауынгер Яхия Тасыров 1945 жылы қыркүйек айында Тереңөзекке оралады.
Бейбіт өмірдегі қызметі аудандағы Шымбөгет орта мектебінде әскери даярлық пәнінен сабақ беруден басталады. Одан кейінгі еңбегі Тереңөзек, Жалағаш аудандық май зауыттарында, Өзбекстан отын дайындау мекемесінде жұмыс істеп, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққан.
От пен оқтың ортасында әскери қызметін абыроймен атқарған Яхия Тасыров оң аяғына тиген снаряд жарықшағы әлі тізесінен төменгі сүйегінде тұр деп еске алады жауынгер аға. Кешегі жауынгер, бүгінгі ел ағасы, қадірлі қария Яхия Тасыровтың омырауында "Қызыл жұлдыз", Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордендері, бірнеше жауынгерлік медальдар, Еңбек ардагері, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы медалі жарқырайды. Бұл қарияның адал еңбегінің бағасы болса керек.
Яхия ата отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қарияның 8 немересі, оннан астам шөбересі бар.
"Алла өзінің сүйген құлына ұзақ жас береді" дегендей ҰОС ардагері Яхия Тасыров ақсақал биыл 92-ні толтырып, 93 жасқа шықты. Аузы дуалы, батагөй қарт 90 жасқа толғанда облыс басшысы соғыс ардагеріне жеңіл тұлпар мінгізді. Ол Сырдария ауданының "Құрметті азаматы". Қашан да сабырлы, салмақты қалпынан таңбайтын ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ауданда өткізілетін барлық іс-шаралардан қалмай жүреді. Сөйтіп ол ел ертеңі жас ұрпақтың тәлім-тәрбиелі болуына да үлес қосып жүр.
Абзал Ұзақбаев, Сырдария ауданының тұрғыны