Жеңілдетілген декларацияны автоматты түрде алдын ала толтыру енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде 910 нысандағы жеңілдетілген салық декларациясын алдын ала толтыру сервисін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қашықтан мониторинг басқармасының бөлім басшысы Бектас Әділғалиев айтты.

1,2 миллионнан астам кәсіпкер жеңілдетілген декларациямен арнаулы салық режимін таңдады
Фото: Gov.kz

— Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, 910 нысанды алдын ала толтыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл — салық есептілігінің жеңілдетілген түрі, — деді ол салықтық әкімшілендіру тақырыбындағы конференция барысында.

Сондай-ақ бөлім басшысы дәл осындай сервис ҚҚС бойынша декларацияға (300 нысан) енгізілгенін еске салды.

— Биыл шекті мөлшер төмендетілді, соның нәтижесінде ҚҚС төлеушілер саны айтарлықтай артады. Осыған байланысты біз 300 нысан бойынша алдын ала толтыруды енгіздік, — деп атап өтті Бектас Әділғалиев.

Ведомствоның мәліметінше, 910 және 300 нысандар салық есептілігінің ең көп қолданылатын түрлерінің қатарына жатады.

Бұған дейін салық төлеушілерге арналған «Дербес шот» сервисінде жаңа функциялар енгізілгенін жазған едік.