Жер комиссияларының жұмысы тоқтатылады — АШМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жер қатынастары саласындағы рәсімдерді оңтайландыру мақсатында жер комиссияларының қызметі тоқтатылып, жерге қатысты мемлекеттік қызметтер толық цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер және су ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов мәлімдеді. 

жер телімі
Фото: Freepik

Оның айтуынша, келесі жылдан бастап жер беру мәселелері бойынша шешім қабылдайтын жер комиссиялары жұмысын тоқтатады. Бұдан былай азаматтар жерге қатысты мемлекеттік қызметтерді ХҚКО арқылы немесе электронды форматта өтінім беру жолымен ала алады.

— Барлық рәсім цифрлық форматқа көшіріледі. Азаматтарға комиссия отырыстарына қатысу немесе қосымша құжат жинау қажеттілігі болмайды, — деді Мұрат Теміржанов.

Брифинг барысында жер ресурстары саласындағы ақпараттың ашықтығын арттыру мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда jerkarta.kz платформасында облыстар мен аудандар бөлінісінде жер телімдері, жер пайдаланушылар және жердің нысаналы мақсаты туралы мәліметтер қолжетімді.

Сонымен қатар, Мұрат Теміржановтың айтуынша, 2026 жылдың қаңтар айында жер қатынастары саласында үш жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылған. Соның бірі — жерді жалға алу құқығын ұзарту қызметі. Бұрын бұл үшін жер пайдаланушылар жергілікті атқарушы органға кемінде үш ай бұрын жүгінуге мәжбүр болған. Қазіргі таңда бұл процесс толық автоматтандырылып, өтінім беру электронды форматта жүзеге асырылады.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында бос жатқан жайылым мен егістік жерлерді пайдалануды бақылау күшейтілгені жайлы жазған едік

Соңғы жаңалықтар