Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

- Қаралып отырған заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында айтылған тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Парламент Мәжілісі заң жобасын 2025 жылдың 12 қарашасында бірінші оқылымда мақұлдады. Индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру осы заңның негізгі мақсаты саналады. Құжатты екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар, жұмыс тобы және Бас комитет заң жобасының ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды. Депутаттардың ең маңызды түзетулерінің бірі – Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болады. Бұл аталған платформаның құрамында стратегиялық маңызды мемлекеттік ресурс саналатын геологиялық ақпараттың болуына байланысты. Сондықтан оның тұтастығын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нормаларды заңда бекітуіміз қажет, - деді Мәжіліс депутаты Арман Қалықов.

Бұдан бөлек, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету геология саласындағы Ұлттық операторға жүктелген. Депутаттар геология саласындағы Ұлттық оператор (Ұлттық геологиялық қызмет) жекешелендіруге жатпайтынын көздейтін аса маңызды түзетуді енгізді. Қазақстан Республикасының Үкіметі аталған түзетулерді қолдады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмасын іске асыру мақсатында депутаттар сатып алынатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлесін жетпіс пайызға дейін ұлғайтуға бағытталған түзетулерді ұсынды, - деді депутат.

Бұдан бұрын харланғандай, биыл 12 қарашада Мәжіліс «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану саласында ашықтықты күшейтуге бағытталған осы заң бойынша Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин пікір білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар