Жер қойнауын заңсыз пайдалану: Түркістанда 115 ауыр жүк көлігі айыптұраққа қойылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 234 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 75-і келісімшарт, 159-ы лицензия негізінде жұмыс істейді.

п
Фото: pexels

Бұл туралы облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов мәлім етті.

Оның айтуынша, өткен жылғы есептерін тапсырмаған 49 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты материалдар заң аясында шара қолдану үшін «Оңтүстік Қазжерқойнауы» өңіраралық департаментіне жолданған.

— Ал есептерін толық тапсырмаған 125 кәсіпкерге анықталған кемшіліктерді жоюға үш ай мерзім берілді. Талап орындалмаған жағдайда олардың лицензияларының күші тоқтатылады. Сонымен қатар облыс аумағында анықталған 22 заңсыз қазба орны бойынша аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылған мобильді топтар күн сайын мониторинг жүргізіп жатыр, — деді Қанат Шонбасов.

Сондай-ақ кен орындары мен заңсыз қазба жүргізілетін аумақтардан шығатын ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мақсатында бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары басталған.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың мәліметінше, биылғы бес ай 20 күннің қорытындысы бойынша өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалану бойынша 125 құқықбұзушылық анықталған.

— Нәтижесінде 115 ауыр жүк көлігі мен 10 арнайы техника айыптұраққа қойылды. Экономикалық залал көлемі есептелген 100 материал бойынша 10 млн теңгеден астам шығын анықталып, олар экология департаментіне жолданды, — деді спикер.

Экология департаменті 73 дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 5,6 млн теңгеге жуық айыппұл салған. Оның 2,2 млн теңгеден астамы өндірілді. Қалған материалдар заңнамаға сәйкес қаралып жатыр.

Сонымен қатар тексеру барысында салмақтық талаптарды бұзған жеті ауыр жүк көлігіне қатысты 19 әкімшілік хаттама рәсімделіп, жалпы сомасы 3,287 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушылардан облыстық бюджетке 9,1 млрд теңге түскен. Оның 4,8 млрд теңгесі — жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлемдер, ал 4,3 млрд теңгесі — жасыл белдеуді дамытуға бағытталған төлемдер.

Бұдан бөлек лицензиялары тоқтатылған немесе игерілмеген учаскелерге жүргізілген түгендеу нәтижесінде жалпы көлемі 504 мың 750 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұған дейін Кентау қаласы маңында «барит» кенін заңсыз өндірген екі жергілікті тұрғын мен бір шетел азаматы жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарлаған едік.