Түркістан облысында заңсыз кен өндіргендер ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Кентау қаласының маңында «барит» кенін рұқсатсыз қазған екі жергілікті тұрғын мен шетел азаматы жауапқа тартылды.
Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық өнеркәсіп басқармасы және облыстық полиция департаменті бірлесіп, жер қойнауын заңсыз қазғандарды анықтады.
Құзырлы орган өкілдері дрон құрылғысының көмегімен Кентау қаласының Ойық елді мекеніндегі таулы аймақта рейд өткізді. Нәтижесінде «барит» қатты қазба байлығын рұқсатсыз қазып жатқан Кентау қаласының екі тұрғынын ұстады. Олар Өзбекстан азаматын заңсыз жұмыс күші ретінде пайдаланған.

— Құқық бұзушылық жасаған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал шетел азаматына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс Кентау қалалық сотының қарауына жіберілді, — делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар «барит» кенін өндіру барысында заң талаптары мен лицензиялық міндеттемелердің сақталмауына байланысты «Меридикт» ЖШС-не берілген «Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған» лицензияны кері қайтарып алу мәселесі көтерілді. Осыған орай тиісті шаралар қабылдау үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми ақпараттық хат жолданды.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 221 жер қойнауын пайдаланушының тек 98-і ғана ресми рәсімделгенін жазған едік.