Жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру қызметі толықтай онлайн форматқа көшеді
АСТАНА. KAZINFORM – 12 шілдеден жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру жөніндегі мемлекеттік қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) көрсетілмейді.
Енді мемлекеттік актіні рәсімдеуге өтінімді тек eGov.kz порталы арқылы ғана беруге болады. Бұл өзгерістер Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес күшіне енеді.
Қызметті алу үшін пайдаланушы eGov.kz порталына кіріп, жер учаскесіне мемлекеттік актіні беру қызметін таңдап, қажетті мәліметтерді толтырып, өтінімге электрондық сәйкестендірудің қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қоюы қажет. Өтінім қаралғаннан кейін дайын нәтиже пайдаланушының Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Мемлекеттік қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат eGov.kz порталындағы қызмет паспортында орналастырылған.
— Бұған дейін жер учаскесіне мемлекеттік актіні алу үшін азаматтар ХҚО-ға жеке жүгінуге міндетті болатын. Қазіргі таңда мұндай қажеттілік іс жүзінде жойылды, өйткені өтінімдердің 96%-ы онлайн форматта беріледі, ал 12 шілдеден бастап қызмет көрсету процесі толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Енді eGov.kz порталында өтінім беріп, оған ЭЦҚ арқылы қол қойып, дайын құжатты жеке кабинеттен алу жеткілікті. Осыған ұқсас тәсілмен сұранысқа ие ТОП-10 мемлекеттік қызметті цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұл тәсіл нақты нәтижесін көрсетіп отыр: ХҚКО операторларына түсетін жүктеме 30%-ға төмендеді. Соның нәтижесінде мыңдаған азамат мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға бармай, кезекте күтпей-ақ әлдеқайда жылдам ала бастады, — деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Бүгінде онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің қатарында жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт пен оның телнұсқасын беру, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін алу, еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттарды беру және олардың қолданылу мерзімін ұзарту сияқты қызметтер бар.
Сонымен қатар, егер азаматта қызметті онлайн алу үшін қажетті жағдайлар болмаса, ол ХҚО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын пайдаланып, мемлекеттік қызметті дербес рәсімдей алады.
Айта кетелік Павлодар облысында мемлекет меншігіне 2 мың гектардан астам жер қайтарылды.