Жетінші қазына: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан еліміздің жаһандық жауапкершілігі - ҚР Президенті
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жетінші қазына: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан жаһандық жауапкершілігі мен барша адамзаттық бастамалары. Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап біздің еліміз барша әлемге өзін жауапкершілікті тәуелсіз держава ретінде көрсетті. Халықаралық қоғамдастық жаһандық ядролық қауіпсізлдікті кеңейту туралы, мәдениеттер мен діндер диалогы бойынша біздің бастамаларды жоғары бағалайды. Ағымдағы жылы Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы туралы келіссөздер үдерісіндегі серпіліске қол жеткізуде өзінің үлесін қосты»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Астана ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу бойынша дайындықтар жүргізіп жатқандығын еске салып өтті.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз Жеті қазынаға ие болғанын атап өтті. Бірінші қазына - Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап жатқан, еркін көсілген біздің Мәңгілік Еліміз, екінші қазына - ел бірлігі, үшінші қазына - Тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тіліміз, төртінші қазына - индустриялды-инновациялық экономика, бесінші қазына - ұлттық байлығымыздың негізі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, сондай-ақ алтыншы қазына - еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің бойтұмары, әсем қаламыз - Астана екенін жеткізді.
«Жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Біз үшін өткен 22 жыл дәл осындай кезең. Біз үйренетін ұлттан, үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық. Бүгінгі ісімізге қарап ертеңгі ұрпақ бізге баға беретін болады. Осы Жеті Қазынамызды дәріптеп, дамыта білсек ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, мерейіміз үстем болады»,-деп түйді Елбасы.