Жетісайдағы өрттен аман қалған әйел адам Шымкентке жеткізілді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазавиақұтқару авиациялық қызметінің тікұшағы Түркістан облысының Жетісай ауданынан Шымкент қаласына санитарлық рейс орындады.

Жетісайдағы өрттен аман қалған әйел адам Шымкентке жеткізілді
Фото: видеодан алынған скрин

Санитарлық рейс «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМҚК-ның үйлестіруімен ұйымдастырылды. Рейс барысында Түркістан облысындағы өрттен зардап шеккен, 1990 ж.т. әйел адам Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді.

- Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдау қажет болды. Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, зардап шеккен әйелді межелі жерге жеткізді, - делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Қону сәтінен кейін ол арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды.

18 қараша күні Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. 

Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.

Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. 

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды. 

Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау жасалды. 

Өрттен кейін медициналық мекемеге жеткізілген үш адамның біреуі есін жиды. 

Вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің себебін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді. 

Түркістан облысында 12 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себебі айтылды. 

Кеше Жетісайдағы өрттен зардап шеккен науқас Шымкентке жеткізілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар