Жетісу облысы: Қапалға асфальт қара суықта төселіп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Ақсу ауданындағы Қапал мен Көшкентал ауылдарын жалғайтын қара жол қарашаның қара суығында салынып жатыр. Әлеуметтік желіде пікір қалдырғандар асфальттың қар түскенде төселіп жатқанына наразы.
Ақсу ауданының тұрғындары дәл осы тасжолдың құрылысы сиырқұйымшаққа салынып кеткенін айтып талай шағымданған еді. Ал қазір олар қарашадағы қарбаласқа наразы. Жол салуды көктемге дейін тоқтатуды сұрайды. Ауыл тұрғындары мердігер компанияның қар жауғанына қарамастан жанталасып жол салып жатқан бейнежазбасын әлеуметтік желіге жариялады. Ал, жолға жауапты басшылар жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда деп отыр.
«Асфальт жабындысын салу барысында ауа температурасы 5 градустан төмен болған жоқ және асфальт жабындысының температурасы 120 градустан төмен болған жоқ. Аталған жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда. Жұмыс барысында техникалық қадағалау ұйымы қадағалау жұмыстарын жүргізуде. Облыстағы барлық мердігер мекемелерге қазан айының соңында тиісті нұсқама берілді, күз кезінде асфальт жабындысын төсеу кезінде технологияларды сақтау, температуралық режимдерді бақылауға алу мәселесі бойынша тиісті хаттамалар жолданды» - деді Жетісу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде көлік жүргізушілері «Сарыөзек-Көктал» тасжолындағы жұмыстарды да сынға алды. Еске салайық бұған дейін Жетісу облысының жолдары қыс мезгіліне қаншалықты дайын екенін жазғанбыз.