Жетісу облысының жолдары қыс мезгіліне қаншалықты дайын
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 988 шақырым. Оның 1 034 шақырымы республикалық, 2 954 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар.
Қыс айларында облыстық автомобиль жолдары мен елді мекендердің ішкі көшелеріне қысқы күтіп ұстау және ондағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 66 мердігер мекеме дайын.
Облыстық жолаушылар тасымалдау және автокөлік жолдары басқармасының мәліметінше, 2024 жылы облыстық жолдар мен елді мекен көшелерінің қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 867,5 млн теңге қарастырылған. Тайғаққа қарсы 7936 тонна материал, қар тазалауға 448 арнайы техника мен 405 тонна жанар-жағар май дайындалған.
— Облыс аумағында қар басатын 12 аймақ бар. Оның екеуі республикалық, 10-ы облыстық маңызы бар аймақтар. Қар көшкіні, аязды күндерге, сондай-ақ жол-көлік апаттары мен төтенше жағдайларға 21 стационарлық және 8 жылжымалы жылыту пункттері вахталық автобустар базасында дайындалды. Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін автомобиль жолдарының неғұрлым қар басатын аймақтары бар аудандарда өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне 45 бірлік техника бекітілді. Барлық өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері алдағы суық мезгілде үздіксіз жұмыс істеуге дайын, — деді Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың неғұрлым қауіпті аймақтарында ауа райы күрт нашарлаған кезде өзара іс-қимыл жасау мақсатында күштер мен құралдардың әрекет етуі, зардап шеккендерді құтқару және эвакуациялау, тамақпен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері қаралған. Штабтық жаттығуға полиция департаменті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен ТЖД қатысты.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында Латвия азаматтары тауға саяхатқа шығып, адасып кеткені туралы жазғанбыз.