Жетісу облысында 1 млн теңгеден астам айыппұлы бар жүргізуші ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында полицейлер жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзып келген Талдықорғанның 30 жастағы тұрғынын анықтады.

айыппұл көлік
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

«Қорғау» жүйесінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бері Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарының аумақтарында автоматты камералар бұл жүргізушінің жол ережесін бұзған 33 фактісін тіркеген. Ол жылдамдықты бірнеше рет асырған, тыйым салынған орындарға көлік қойған, бағдаршамның қызыл жарығына өткен және жол белгілерін елемеген.

Жүргізушіге салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн 57 мың теңгеден асты.

Әкімшілік заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушының көлігі берешегі толық өтелгенге дейін арнайы айыптұраққа қойылды.

Жетісу облысының полициясы айыппұлдарды өндіру және қайталанған құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары қарқынды жалғасып жатқанын атап өтті.

Құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерін сақтау барлық жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарты екенін еске салады.

Бұған дейін Павлодарда көлік қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған зертханаға айыппұл салынғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар