Жетісу облысында азаматтардың атына 40 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ сотталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеп, 40 млн теңгеден астам шығын келтірген алаяқ сотталды.
Жетісу облысында азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы олардың атына несиелер мен микронесиелер рәсімдеп, қаржыны жеке бас пайдасына жұмсаған ер адамға қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы аяқталды.
Тергеу мәліметінше, сотталған адам жәбірленушілердің жеке деректеріне және электрондық цифрлық қолтаңбасына қол жеткізіп, оларды заңсыз несие рәсімдеуге және ақшалай қаражатты иемденуге пайдаланған.
- Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде 14 азамат зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын көлемі 40 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп жазды аймақтағы прокуратурадан.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға 20 млн теңгеге алданып қалды.