Жетісу облысында құны 237 млн теңгеден асатын жер мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының прокуратурасы пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлады.
Бұл шаралар азаматтардың құқықтары мен мүддесін қорғауға, сондай-ақ жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Алакөл ауданы прокуратурасы жүргізген талдау барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұзақ уақыт бойы игерілмегені және олардың нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды. Жекелеген жер пайдаланушылардың әрекеттері салдарынан құнды жер алқаптары жылдар бойы қоғам мен ауыл шаруашылығы саласына пайдасын тигізбеген.
Прокурорлық қадағалау актілерін енгізу және қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы ауданы 1,3 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлердің кадастрлық құны 237 млн теңгеден асады.
Жерді мемлекет меншігіне қайтару жер қатынастары саласындағы заңдылықты қалпына келтіруге және өңірдің ауыл шаруашылығы ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Ақмолада 1,8 млрд теңге тұратын орман қоры мемлекетке қайтарылды.
Қызылордада құны 86 млн теңге жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.