Жетісу облысында Құрбан айтқа арналған 17 арнайы орын белгіленді

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбандық шалуға арналған 17 арнайы алаң анықталды.

Астанада құрбан шалатын орындар қай жерде
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Арнайы орындар 27-29 мамыр аралығында облыстың барлық аудан-қалаларында жұмыс істейді.

Мал сою және сату орындары санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық және діни талаптарға сай ұйымдастырылған.

Ең көп алаң Сарқан және Ақсу аудандарында дайындалған, әрқайсында төрт орыннан бар. Панфилов ауданында екі нүкте жұмыс істесе, қалған аудан-қалаларда бір-бірден алаң белгіленген.

Талдықорған қаласындағы «Иман» орталық мешітінің наиб-имамы Табарак Хамиттің айтуынша, Құрбан айттың рухани мәні тек құрбан шалумен шектелмейді.

– Құрбан айт – мейірім, қайырымдылық пен жанашырлық мерекесі. Оның негізгі мақсаты – аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу, қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті нығайту, – деді ол.

Имамның сөзінше, құрбан шалу әр мұсылманға міндетті емес.

– Құрбан шалу шамамен 85 грамм алтынның немесе 595 грамм күмістің құнына тең дәулеті бар адамдарға парыз етіледі. Егер адамның мұндай мүмкіндігі болмаса, бұл күнә саналмайды. Ислам адамға шамадан тыс міндет жүктемейді, – деп түсіндірді Табарак Хамит.

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалуға болады. Сонымен қатар малдың дені сау, күтімі жақсы әрі қоңды болуы тиіс.

– Ауру немесе кемістігі бар мал құрбандыққа жарамайды. Мүмкіндігінше жақсы мал таңдау ұсынылады. Себебі құрбандық – шүкіршілік пен ықыластың белгісі, – деді наиб-имам.

Сондай-ақ бүгінде онлайн-құрбандық қызметі де қолжетімді болып отыр. Діни платформалар арқылы құрбан шалуға өтінім беруге болады.

– Барлық адам арнайы орынға келе алмайды. Сондықтан онлайн-құрбандық – ыңғайлы әрі шариғатқа сай мүмкіндік. Ең бастысы, рәсімнің ашық әрі адал өтуі, – деді спикер.

Мереке күндері арнайы алаңдарда ветеринарлық бақылау ұйымдастырылып, санитарлық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп қамтамасыз етіледі.

Талдықорғанда ресми құрбандық шалу алаңы 3-бөлімше, Қ. Жалайыри даңғылы, 2Б мекенжайында орналасады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді Құрбан айт қарсаңында мал бағасын көтермеуге шақырған болатын.