Жетісу облысында нөсер жауын көпірді шайып кетті
АСТАНА.KAZINFORM - Таулы Панфилов ауданында нөсер жауыннан Бурхан өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп кетті. Салдарынан «Жаркент-Талды» аймақтық тас жолындағы көпірдің іргетасын су шайып, көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 9 шілде күні сағат 14:24 кезіндегі нөсер жауын мен селден Бурхан өзеніндегі су деңгейі секундына 0,7-ден 15 текше метрге дейін артып, шекті деңгейге жетті.
Бұл «Жаркент-Талды» аймақтық тас жолының үшінші шақырымындағы көпір іргетасының қирауына әкеп соқты.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдың 0 шақырымынан 27 шақырымына дейінгі бөлігіндегі көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Әулиеағаш ауылы арқылы балама жол құрылды.
- 10 шілде күні таңертең су деңгейі төмендегеннен кейін мамандар жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша «Жаркент-Талды» аймақтық тас жолы барлық көлік түрі үшін толықтай ашық, - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
Бұған дейін Алматы облысында Ақсай өзенінің тасуынан су желісі зақымданған болатын.