Жетісу облысында тұрмыстық зорлық- зомбылық артқан

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті жиынында өңірдегі әйелдер құқығы мен оларды жұмыспен қамту жайы талқыланды.

Бытовое насилие Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Фото: Kazinform

Жетісу облысындағы қыз-келіншектердің қауіпсіз өмірі мен тұрақты қызметке орналасуы жайында сөз қозғалған жиында жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аида Белгібаева жыл басынан бері өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқанын мәлімдеді. 

2024 жылдың 10 айында отбасылық кикілжіңнен туындаған 117 қылмыстық іс тіркелген.

Ал, Талдықорғандағы Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Сұңқар Қадыровтың айтуынша, жыл басынан бері мекемеге 152 адам келген.

Оның 43-інің шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір орталықта әлеуметтік қызмет алып жатқан 36 адамның ішінде балалар да бар. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек Жетісу облысындағы халықтың 51% немесе 351 мыңы — әйел. 

Оның 138 мыңы еңбекке қабілетті.

Әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші — 7%. 

Еске салайық, осыған дейін Талдықорғандағы бейімдеу орталығында 7 жасар баланың денесінен үтіктің ізі анықталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар