Жетісу облысында үш жылда 188 ауылдың көшелері жөнделді

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында соңғы үш жылда 188 ауылдың ішіндегі көшелер жөнделді. Сонымен бірге, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдар толығымен жаңғыртылды. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді.

Бейбіт Исабаев
Фото: ОКҚ

Өңір басшысының айтуынша, 2024 жылы республикалық маңызы бар «Талдықорған-Үшарал» және «Үшарал-Достық» жолдары толық жаңартылды. «Сарыөзек-Қорғас» бағытындағы жол биыл толық жөндеуден өтті.

– 2023-2025 жылдары жергілікті маңызы бар 1 138 шақырымнан астам жол жөнделді. Облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жетті. Молалы айналмасынан Балқаш көліне дейінгі жол биыл жаңғыртудан кейін ашылды. Жол жиегін абаттандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, нысанды келесі жылы қабылдап аламыз, – деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілерге берген сұхбатында.

Ал былтыр Балқаш көліне дейін «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. 2026 жылы «Талдықорған – Үштөбе» жолына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, Жетісу облысында орталық су жүйесімен қамту 99,9%-ға жетті, газдандыру деңгейі жыл соңына дейін 72% болады.

Сондай-ақ, Жетісуда апатты немесе үш ауысымды мектеп жоқ.

Соңғы жаңалықтар