Жетісу облысындағы Алакөлде 7 баласы бар отбасы эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысындағы Алакөл көлінде құтқарушылар ауа райының күрт нашарлауына байланысты қауіпті жағдайда қалған 7 баласы бар отбасын эвакуациялады. Күшті желдің салдарынан демалушылар жағаға өздігінен қайта алмай қалған.

Жетісу облысындағы Алакөлде 7 баласы бар отбасы эвакуацияланды
Фото: «Vizit Zhetysu» ақпараттық туристік орталығы

Оқиға Ақши ауылы маңында, «Көктем Гранд» демалыс аймағына жақын жерде болған. Тоғыз адамнан тұратын отбасы, оның ішінде жеті бала бар, қайраңда болған кезде көлде жел кенет күшейген. Соның салдарынан биік толқындар көтеріліп, жағаға қайту мүмкін болмай қалған.

Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, Ақши ауылындағы жедел-құтқару жасағы мен Алакөл аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жұмыс жүргізді. Олар құтқару қайығы арқылы барлық демалушыларды қауіпсіз жерге жеткізді.

Бақытымызға орай, зардап шеккендер жоқ. Эвакуацияланған адамдарға медициналық көмек қажет болмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі суға шығар алдында міндетті түрде ауа райы болжамын қарап шығу керектігін ескертеді. Жел күшейіп, ауа райы нашарлаған жағдайда су маңындағы серуеннен бас тартып, өз өмірі мен балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеу қажет екенін айтады.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысындағы Алакөл көлінде суға батып бара жатқан қыз баланы құтқарып, оның анасы қаза тапқан болатын.

Ал Алматы облысы Қапшағай су қоймасында екі адам суға батып кетті.