Жетісу өңірінде ауыл тұрғындары қаржы жинап, көпір салды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Панфилов ауданындағы екі ауылдың тұрғындары бірігіп, өз қаржыларына көпір салды. Жоба құны шамамен 16 млн теңгеге шыққан.

Көпір
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Қос ауылды бөліп жатқан Өсек өзенінде бұрын көпір болмаған. 

Диқанқайрат ауылының тұрғындары Шолақайға жету үшін 20 шақырым айналып өтуге мәжбүр еді. Жаңа көпір жолды 3 шақырымға дейін қысқартып, елді мекендер арасындағы қатынасты едәуір жеңілдеткен.

Көпір құрылысы көктемде басталған. Ауыл тұрғындары қаражат жинап қана қоймай, құрылыс жұмыстарына да белсенді қатысқан.

- Көпірдің негізгі ұзындығы 18 метр. Ал өзен арнасының екі жағымен қоса 400 метр болады. Мұнда тасқын судан қорғау үшін қосымша бөген де қарастырылған. Жалпы сметалық құжат бойынша 16 млн теңге шамасында қаржы жұмсалды.

Ауыл тұрғындарынан 2 млн теңгеге жуық қаржы жиналған. Одан бөлек, ауыл азаматтары арнайы техника, басқа да қажетті материалдарды өздері шығарып, жөндеу жұмыстарын жүргізген,- деді Панфилов ауданының баспасөз қызметі.

Еске салайық осыған дейін Жетісу облысында 72,5 млн теңгенің газ құбырын ұрлаған күдіктілердің ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар