Жетісу облысында 72,5 млн теңгенің газ құбырын ұрлаған күдіктілер ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысы Ақсу ауданында 72,5 млн теңгенің газ құбырын ұрлаған күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Жетісу облысында 72,5 млн теңгенің газ құбырын ұрлаған күдіктілер ұсталды
Фото: Polisia.kz

Қолды болған құбырларға қатысты полицияға «Транс Азия Констракшн» ЖШС директоры арыз жазған. Оның айтуынша, белгісіз адамдар Алматы-Өскемен тас жолының Қызылағаш және Жансүгіров ауылдарының арасындағы учаскесінде орнатылып жатқан құны 72 млн теңгеден асатын 27 бірлік газ құбырын ұрлап кеткен.

— Жетісу облысы полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылдары нәтижесінде Алматы облысының үш азаматы құрықталды. Күдіктілердің барлығы қамауға алынды, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Айта кетейік магистральдық газ құбырының құрылысы «Талдықорған-Үшарал» тас жолында жүргізілуде. Құрылыс осы жылдың тамыз айында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары кезінде басталған болатын. Ауқымды жоба 2025 жылдың соңына дейін 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін қолға алынған еді. Еске салайық осыған дейін Жетісуда ауыл әкімдері мүгедектер мен көпбалалы аналардың жалақысынан заңсыз жарна алғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар