Жетісуда ауыл әкімдері мүгедектер мен көпбалалы аналардың жалақысынан заңсыз жарна алған

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісулық прокурорлар лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартты. Қазір мүгедектер мен көпбалалы аналардың жалақысынан заңсыз ұсталған қаржыны қайтару ісі басталды.

Орман жұмысшыларына үстемеақы: министрлік қаржы іздеп жатыр
Фото: Рустем Айтхожин/Kazinform

Облыстық прокуратураның дерегінше ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы аналардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы» және басқа да марапатқа ие болған аналардың жалақысынан міндетті төлем сомасын заңсыз ұстап отырған.

Кейбір жұмыс берушілер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңның талаптарына сәйкес азаматтардың аталған санаты үшін жарнаны мемлекет төлейтінін ескермеген.

Нәтижесінде қолдауға мұқтаж 166 азаматтан заңсыз ұсталған қаржы мөлшері 5 жарым млн теңгеден асқан.

«Жетісу облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша аталған азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз ұсталған қаржыны қайтару рәсімі басталды. Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде екі ауылдық округтің әкімі мен бір мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды» — делінген хабарламада.

Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында 4,5 млрд теңге жымқырған есепшілер ісі: екі фигуранттың жазасы жеңілдегенін және мүгедектігі бар балалардың ата-аналарынан заңсыз ұсталған салықтың қайтарылғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар