Жетісу университетінде италиялық ЖОО филиалы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Италияның Анкона қаласындағы Марке политехникалық университетінің филиалы ашылды. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді.
Шетелдік ЖОО филиалы биылғы жылдың шілде айында ашылған.
– Осылайша Жетісу мемлекеттік университетінің дипломы Италияда да, Қазақстанда да мойындалатын болады. Қазір профессор-оқытушылар құрамында Италиядан келген 8-10 адам студенттерге сабақ беріп жүр, – деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілерге берген сұхбатында.
Қосдипломды білім беру бағдарламасы аясында студенттер "Агрономия", "Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары" бағыты бойынша оқиды.
– Жетісу – аграрлық өңір екенін ескерсек, бізге инновациялар мен озық агротехнологияларды енгізетін жоғары білікті мамандар қажет. Бірлескен жоба өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға үлес қосарына үміттенемін, – деді облыс әкімі.
Бұған дейін Б. Исабаев Жетісуда апатты немесе үш ауысымды мектеп жоқ екенін айтқан еді.