Жетісуда алғаш рет қатерлі ісікке күрделі ота жасалды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорғанда шетелдік мамандар қатерлі ісіктің 3-ші сатысындағы әйелге ота жасап, жаңа әдісті енгізді. Мұндай ота республика бойынша онкологиялық орталықтарда бірінші рет Жетісуда жасалды. 

Қатерлі ісікке ота
Фото: Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен

Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен облыстық көпсалалы клиника дәрігерлері HIPEC технологиясын қолдана отырып, аналық без обырын, асқазан және тоқ ішек обырын аралас емдеудің жаңа, жоғары технологиялық әдістемесін енгізді. Израиль мен Италиядан келген мамандар жетісулық дәрігерлермен тәжірибе алмасты.

— Ота 2 кезеңнен тұрады. 5-6 сағатқа дейін созылады. Себебі, бұл - өте күрделі оталардың бірі. Қатерлі ісіктің 3-4-ші сатысындағы науқастарға, метастазасы барларға жасалады, - деді «Хайм Шиба» медициналық орталығының хирургиялық онкология бөлімінің аға хирургы Алмог Бен-Яаков.

ота
Фото: Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен

 

Гипертермиялық интраперитонеальді химиотерапия (HIPEC — ағылш. Hyperthermic IntraPeritoneal Chemotherapy) — ісік ауруларын емдеудің инновациялық әдісі. Ол барлық ісік ошағын хирургиялық алып тастауды және іш қуысына 42-43 °C дейін қыздырылған химиялық препаратты енгізу арқылы адам дене мүшесінің кез келген бөлігінде орналасқан қатерлі ісіктерді емдеуге мүмкіндік береді.

— Еліміз бойынша онкологиялық орталықтарда бірінші рет біздің өңірде жасалып отыр. Бұған дейін 2 рет ғылыми орталықтарда жасалған. Бұл тәжірибеден кейін біздің мамандар тоқтап қалмайды, осы ота түрін ары қарай жалғастыруға дайынбыз, - деді Жетісу облыстық көпсалалы клиника директоры Мадияр Өмірбаев.

Жетісу облысы
Фото: Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен

Айта кетейік, облыстық көпсалалы клиникаға 2024 жылы облыс әкімдігі және Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен соңғы үлгідегі HIPEC performer аппараты сатып алынған. 

Еске салайық осыған дейін Германиядан келген дәрігер талдықорғандыққа тегін ота жасағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар