Жетісуда аудит тексерген мемлекеттік сатып алудың 92%-ынан кемшілік анықталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында мемлекеттік органдар жалпы сомасы 1 млрд 800 млн теңгедей болатын 51 сатып алуда түрлі заңбұзушылық жасаған. Басым бөлігінде сатып алатын тауар мен қызметтің құнын қымбатқа бағалау жағдайлары болған.

госзакупки
Фото: freepik.com

Биыл 10 айда мемлекеттік аудит 11 млрд 413 млн теңгенің мақсатты жұмсалуын тексерген.

Департамент мамандары 1 млрд 440 млн теңге қаржылық және 6 млрд 192 млн теңгеге рәсімдік сипаттағы кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді.

 Анықталған қаржылық бұзушылықтардың 589 млнға жуық теңгесі бюджетке қайтаруға жатады. 92 млн теңге бюджет кірісіне қайтарылды.

— Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында аудит объектілеріне 80 нұсқама жіберілді, оның ішінде: 60 нұсқама толығымен орындалды, 5 нұсқаманың орындалу мерзімі жеткен жоқ, қалған 15 нұсқаманың 4-еуі бойынша қылмыстық іс қозғалды, 11-і бойынша материалдар сотта қаралып жатыр, — дейді Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті.

Жалпы, Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жыл басынан бері 82 аудиторлық тексеріс жүргізген.

Заңбұзушылыққа жол берген 66 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 қызметкер лауазымынан босатылды. 

Еске салайық, осыған дейін 4,5 млрд теңге жымқырған есепшілер ісі жайында хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар