Жетісуда биыл облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Биыл Жетісуда  облыстық маңызы бар автожолға 25 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Саладағылардың есебінше, бүгінгі күні оның 22 млрд теңгесі игеріліп, 175 шақырым жолға асфальт төселген. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдарының үлесі 94%-ға жетеді. 

Жетісуда биыл облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталады
Фото: Жетісу облысы әкімдігінен

Жетісу өңірінде 3 900 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 2 762 шақырымы – облыстық маңызы бар тасжол. 

Өңірде бастау алған 29 жобаның 15-і аяқталды. Атап айтқанда, Қаратал ауданында Көпбірлік ауылына баратын 176 шақырымның 78 шақырымына, сондай-ақ Қаражиде, Кішітөбе ауылдарының кірме жолы мен Көкдала ауылына кіреберістегі көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Панфилов ауданының Еңбекші ауылына, Алакөлдегі Үшқайың ауылына, Сарқанның Аманбөктер елдімекеніне, Кербұлақ ауданының Қызылжарына, Көксу ауданының Бозтоған, Жеңіс және Қазақстан ауылдарына жеткізетін автомобиль жолдарына толық жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Бұдан бөлек Қаратал ауданының Күріш даласы, Ескелді ауданының Қайнарлы, Көксу ауданының Жетіжал, Кербұлақ ауданының Қарашоқы, Панфиловтағы Тұрпан, Ақсу ауданының Егінсу, Ақсу, Көшкентал, Сарқан ауданының Қарабөгет ауылдарына баратын автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары басталып, аталған нысандар 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа берілді. Биыл «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішті 94%-ға (2022ж.- 89%) жеткізу көзделіп отыр», - деді Жетісу облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Жетісуда биыл облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталады
Фото: Жетісу облысы әкімдігінен

Сондай-ақ басқарма өкілдері «Жол активтерінің Сапа орталығымен» келісім жасалып, тексеріс жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Аталмыш мекемемен келісімшарт жасасуға жергілікті бюджеттен 109,6 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар Лепсі ауылы мен Балқаш көлінің арасындағы 27 шақырым автомобиль жолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толық қолданысқа берілді. Бұдан бөлек Молалы айналмасынан Лепсі бекетіне дейінгі 110 шақырымдық автомобиль жолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Жетісуда биыл облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөндеу жұмыстары аяқталады
Фото: Айбек Құттыбек

Қазір 87 шақырымы төменгі асфальт жамылғысымен қамтылған, жыл соңына дейін қалған 3 шақырымына да төсеу көзделіп отыр. Келер жылы Балқаш көліне баратын жолаушылар мен Матай мен Лепсі ауылдарының тұрғындары айналма емес, асфальтті тегіс жолмен қатынайтын болады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын нормативтік жағдайда ұстау үшін жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге бөлініп, автоматтандырылған өлшеу жүйесі орнатылды. Ол қазір республикалық метрологиялық орталықтарда сараптамадан өткізілуде. Жоба әзірше пилоттық болып есептеледі. Егер жүйе оң нәтиже берсе, оны тұрақты пайдалану мәселесі қаралады.

Еске салайық осыған дейін Жетісу облысының жолдары қыс мезгіліне қаншалықты дайын екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар