Жетісуда шомылу маусымы қауіпсіз өтіп жатыр: қайғылы оқиғалар саны азайды
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM – Облыста шомылу маусымының басталуына орай су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шаралар күшейтілді. Бұл туралы өңірдің ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған бағыттағы жұмыстарды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, полициямен және еріктілермен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Ведомтство мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында бір адамның суға бату дерегі тіркелген, бұл жағдай шомылу маусымымен байланысты емес. Ал 2024 жылдың дәл осы кезеңінде 6 адам қаза тауып, олардың 5-еуі жаз мезгілінде суға кеткен болатын.
Сонымен қатар 2024 жылғы шомылу маусымында 5 адам, оның ішінде 3 бала көз жұмған. Бұл көрсеткіш алдын алу шараларының және ата-аналар тарапынан бақылаудың қажеттілігін көрсетеді.

– Жыл басынан бері Жетісу облысының құтқарушылары 27 адамды ажалдан арашалап қалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 36 адамды құраса, оның 8-і балалар болған. Ал биылғы жылы құтқарылғандар арасында балалардың болмауы – ата-аналар мен тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейінің артқанын аңғартады, – делінген хабарламада.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да оң динамика байқалады.
– 2025 жылы су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес 2 адам жауапқа тартылып, жалпы сомасы 13 762 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 2024 жылы осы кезеңде 42 жеке тұлға 542 724 теңге айыппұл төледі, оның басым бөлігі – шомылу маусымында тіркелген, – деп хабарлады департамент.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, тыйым салынған жерлерде шомылмау, құтқару құралдарын пайдалану, балаларды қараусыз қалдырмау қажет. Тек ортақ сақтық пен жауапкершілік арқылы жазғы демалысты қауіпсіз өткізуге болады.
Еске сала кетейік, Павлодарда каналға шомылуға барған жасөспірім суға батып кеткенін жазғанбыз.