Жетісуда үш жылда 712 мың гектар жер қайта айналымға енгізілді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында 2022-2025 жылдары 1,3 млн гектар тұрақты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. 712 мың га жер қайта айналымға енгізілді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев есептік кездесуінде айтты.
Өңір басшысының сөзінше, 603 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы айналымына 431 мың гектар тартылған. Қалған 172 мың гектар жер келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында айналымға енеді.
– Жетісу облысы – аграрлы аймақ. Бұл салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі былтыр 3%-ға өсті. Биыл өсім 5% болады деп күтіліп отыр. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығына 25 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025-2027 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 94 млрд теңгеге 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, - деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 49%-дан 68%-ға дейін өскенін айтты.
Ақсу қант зауыты толық жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін «Агрокомплекс Жетісу Мажико», «Көксу қант», «Жаркент крахмал-сірне» зауыттарының қуаттары ұлғайтылды.
Сонымен бірге, облыста жыл сайын 100 мың тоннадан астам сүт, 1,5 мың тоннаға дейін балық өңделеді. Қант қызылшасын егетін алаң 3 есе артып, 4,2 мың гектардан 12,2 мың гектарға жетті. Биыл 490 мың тонна тәтті түбір жиналып, 87 мың тонна қант өндіру жоспарланған.
Айта кетейік, Жетісу облысында биылғы 10 айда барлық сала бойынша өсім байқалады. Өңірде 27 жаңа өндіріс ашылып, мың жарым жұмыс орны құрылды.