ЖИ дәрігердің біліктілігін арттыратынына сенімдімін – Ербол Оспанов

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі медицина университеттерінде болашақ дәрігерлерге жасанды интеллектіні қолдану жолдары үйретіледі. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов айтты.

Қырғызстанда жүргізуші куәлігіне арналған емтиханды жасанды интеллект қабылдайды
Фото: Кабар

- Медициналық университеттерімізде жасанды интеллект тетіктерін қолдануды үйретуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің емес, заманның қалауы. Сондықтан ең алдымен әрбір медициналық қызметкердің келешекте жасанды интеллектімен жұмыс істеу мүмкіндігі және құзыреті болуы тиіс. Екіншіден, көп азамат зертханадан анализдерін алғаннан кейін әртүрлі жасанды интеллект сервистеріне енгізіп, нәтижесін, көрсеткіштердің нормаға сай, сай еместігін қарайтыны рас. Сол арқылы дәрі іздейтіні немесе қандай маманға жүгіну қажеттігін білуге тырысатындары бар. Оған шектеу қоя алмаймыз, әр азаматтың құқығы. Меніңше, медицина қызметкерлеріміз одан зардап шектейді. Өйткені, ChatGPT немесе жасанды интеллектісі бар сервистерді пайдаланған кезде ол медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға көмек бере алады. Өйткені сұрақты дұрыс қойсаңыз бәрін түсіндіріп жазып береді. Сіздің университетте үйренбеген дүниеңізді түсіндіріп беру мүмкіндігі бар, - деді вице-министр.

Ол еліміздегі медициналық қызметкерлердің біліктілігіне күмән келтіретін азаматтардың да кездесетінін жасырған жоқ. 

- Бес саусақ бірдей емес, ондай жағдайлар да болып жатқан шығар. Бірақ жасанды интеллект медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, сапалы қызмет көрсетуіне зор үлес қосарына сенімдімін. Мұнан бөлек, қазірдің өзінде шетелде, Қазақстанның өзінде медициналық ұйымдарда жасанды инттелектіні пайдаланатын ақпараттық жүйелер қолданыста. Оның бәрін отандық дәрігерлер қолданып, жұмысында пайдаланып жүр, - деді Ербол Оспанов.

Айта кетейік, ШҚО-да жасанды интеллект дәрігерлерге диагноз қоюға көмектесіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар