ЖИ дәуіріндегі түркі интеграциясы: «Ер түріктің бесігіндегі» бейресми саммиттен не күтеміз
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді. «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары, бақылаушы елдердің өкілдері, ұйымның Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері қатысады деп жоспарланған.
175 млн адамнан асатын нарық және тарихи тамырластық
2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ретінде құрылған ұйым араға 12 жыл салып ресми түрде халықаралық ұйым ретінде тіркелді.
Сипаты мен табиғатына қарасақ, ТМҰ - әскери блок та, экономикалық одақ та емес. Атауы мен мүшелеріне қарап Араб лигасына ұқсатуға болады. Бірақ алып жатқан аумағы мен экономикалық құрылымы, даму деңгейі мен саяси жүйесі әлдеқайда әркелкі, интеграция қағидаттары жан-жақты. Ұйымның белді мүшесі Түркия кейінгі жылдары NATO-ның (Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы) маңызды бөлшегіне айналды. Қалған 4 мемлекет - ТМД-ның мүшелері. Қырғызстан мен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы Мәскеумен тығыз байланысты интеграциялардың белсенді ойыншысы болып отыр. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан үштігі - Шанхай ынтымақтастық ұйымының да толыққанды мүшесі. Бұдан ТМҰ-ға кіретін елдердің аумағында түрлі форматтағы интеграциялар бәсекесі бар болғанмен, тарихи тамырластықтан бастау алатын әмбебап форматтағы түркі интеграциясына бауырлас елдердің бәрі де мүдделі екенін көруге болады.
Соңғы ресми дерек бойынша, ұйымға мүше елдердің жиынтық жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2,4 трлн долларға жеткен. Ал бірлескен сыртқы сауда көлемі 850 млрд доллар болған. Ұйым ішіндегі өзара сауда көлемі 57 млрд доллардан асқан. Бұл - ұйымның жалпы сыртқы сауда көлемінің 7 пайызы деген сөз. Бірнеше жыл бұрын аталмыш көрсеткіш 3 пайыздың көлемінде ғана болатын.
Қазақстанның ұйымға мүше елдермен сауда көлемі 12,9 млрд доллар болып отыр. Басқаша айтсақ, өзара сауданың 23 пайызын немесе бестен бір бөлігін Қазақстан қамтамасыз етіп тұр деген сөз.
Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша әлемдік номиналды ЖІӨ 126 трлн долларға жеткен. Сонда ТМҰ-ға мүше 5 мемлекеттің 175 миллионнан астам халқы (әлем халқының 2,18%) әлемдік ЖІӨ-нің 1,7%-ын береді деген сөз. Салыстырып қарасақ, халқының саны 450 млн адамнан асатын Еуропалық одақ (жер шары халқының 5,6%-ы) әлемдік ЖІӨ-нің 14-15%-ын қамтамасыз етеді. ТМҰ-ға мүше елдердің демографиялық әлеуетін, оның ішінде Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан сияқты елдердің әлемдегі ең «жас ұлттар» қатарына кіретінін ескерсек, Әзербайжан мен Қазақстанның мұнай-газ ресурсына бай екенін, Түркияның географиялық орны мен 100 жылдан асатын дербес экономикалық тәжірибесін, туризм мен әскери өнеркәсіптегі жетістіктерін ескерсек, қолда бар әлеует әлі толық игерілмей жатқанын көруге болады. Қазақстан осы әлеуетті жасанды интеллект және цифрлық даму саласы арқылы кеңейте түсуді ұсынып отыр. Сол себептен де Түркістан төріндегі бейресми саммиттің тақырыбын осы саламен байланысты етіп алды.
ТМҰ соңғы жылдары Түркі инвестициялық қоры, DEPA, TURANSEZ, e-Permit, e-CMR, TURKUNIB және «Цифрлық Жібек жолы» секілді жобалар арқылы өзара сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық байланыс, білім және технологиялық интеграцияны күшейтуге басымдық беріп келеді.
Астана ТМҰ-ға тыңнан не ұсына алады?
Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, цифрлық экономиканың әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 15%-дан асқан. Ал 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ЖІӨ-ге 20 трлн долларға дейін үлес қосады деген болжам бар. OpenAI бас атқарушы директоры, ChatGPT-дің негізін қалаушы Сэм Альтман сияқты сарапшылар 2028 жылы әлемдегі Data-орталықтардың ұжымдық интеллектісі адамдардың ұжымдық интеллектісінен асып түседі деген болжам айтып жүр. Қазақстан осы тенденциялардың бәрін жан-жақты саралай отырып, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кезекті экономикалық серпілістің көзі, технологиялшыл ұлтқа айналудың тетігі ретінде таңдап алды. Астана осы басым бағытты түркі интеграциясының да өзегі етуге ынталы. Мұндай бастаманың артында бүгінге дейін жолға қойылған нақты жүйе тұр деуге болады. Қазақстан қазір Дүниежүзілік электронды үкімет индексінде 24-орында тұр. Astana Hub алаңы арқылы 2025 жылы 1,1 млрд доллардың ІТ қызметін экспорттады. Осы хаб базасында құрылған 1 млрд доллар болатын венчурлық қордың қолдауын қазақстандықтармен бірге релоканттар, көрші елдердің стартап авторлары көре бастады. Биыл 1 қыркүйекте елде тұңғыш ЖИ университет ашу жоспарланған. Былтыр жазда Alem.cloud атты Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер ресми түрде іске қосылды. Ол әлемдегі 500 ірі суперкомпьютердің рэнкингінде 86-орында тұр.
Ал Екібастұзда есептеу қуаты 1 ГВт болатын деректерді өңдеу алқабы құрылып жатыр. Энергетика министрлігі келесі жылы Қазақстанда электр қуатының профициті қалпына келеді деген есеп айтып отыр. Осының арқасында Екібастұздағы ЖИ-хабта 1 КВт/сағ электр қуатына 2,5 АҚШ центін төлейтін тариф ұсынылмақ. Бұл аталған орталыққа үлкен бәсекелік артықшылық береді деген жоспар бар. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай тариф АҚШ алқаптарындағы бағадан 4 есе арзан. Ал Еуропада бұл тариф 20-40 еуро-цент аралығында. Мәдиев Екібастұздағы ЖИ-алқап 100 милли-секундтан кем болмайтын жылдамдықпен бір мезетте 1 млрд адамға дейін қызмет көрсете алатынын айтып жүр.
2027 жылға дейін One Web, Starlink, Amazon, Shanghai SpaceSail сияқты спутник арқылы интернет тарататын халықаралық компаниялар Қазақстан аумағында аймақтық инфрақұрылым нүктелерін салуға келісіп отыр. Осылайша көрші елдер спутник интернетке Қазақстандағы инфрақұрылым арқылы қосылатын мүмкіндік алмақшы.
Сондай-ақ, биыл Каспий табаны арқылы тартылып жатқан интернет кабель іске қосылуы керек. Бұл Ресей аумағы арқылы таратылатын трафикке балама маршрут болмақ. Осы арқылы Азия мен Еуропа арасындағы трафик транзитіндегі Қазақстанның үлесі 1,5%-дан 5%-ға өседі деген есептеулер бар.
Астана осы бастамалардың бәрін енді түркі интеграциясы арқылы масштабтауды көздеп отыр.
Орта дәлізге байланған ортақ мүдделер
Түркістандағы басқосу ұйымның соңғы жылдары экономикалық, көлік-логистикалық, цифрлық және технологиялық интеграция бағытына басымдық беріп келе жатқан кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. ТМҰ елдері, әсіресе, 2021 жылғы Ыстанбұл саммитінен кейін «Түркі әлемінің келешегі–2040» стратегиясы аясында ортақ цифрлық кеңістік, инновация және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты күшейтуге ден қойып келеді.
Дей тұрғанмен жасанды интеллект мәселесі алғаш рет ТМҰ саммитінің басты тақырыбы болмақ. Ұйымның ынтымақтастық бағыттары цифрлық экономиканы дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, киберқауіпсіздік, логистика және трансшекаралық сауда салаларында ортақ технологиялық экожүйе қалыптастыру сияқты мәселелерді де қамтиды. Бұған дейін Бішкек саммитінде цифрлық экономика серіктестігі туралы келісімге қол қойылып, цифрлық болашақ ұйымның негізгі басымдықтарының бірі ретінде жарияланғаны және бар.
Сонымен қатар, Түркістан саммиті көлік-логистика бағытындағы бастамаларды ілгерілету тұрғысынан да маңызды болмақ. Соңғы жылдары ТМҰ Орта дәлізді дамыту, e-Permit және e-CMR жүйелерін енгізу арқылы көлік байланысын цифрландыруға ерекше көңіл бөліп келеді.
Экономикалық ықпалдастық та күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болса керек. Түркі инвестициялық қорының іске қосылуы, цифрлық сауда келісімдері мен ортақ қаржы институттарын құру бастамалары ұйымның институционалдық әлеуетін күшейтті.
Түркістандағы бейресми саммит тек саяси диалог алаңы ғана емес, Түркі әлемінің ортақ тарихи мұрасы мен технологиялық болашағын байланыстыратын символдық кездесу ретінде де бағаланады.
Бұл жиын ТМҰ-ның цифрлық интеграция, жасанды интеллект және аймақтық ықпалдастық бағытындағы жаңа кезеңінің басталуына серпін беруі мүмкін.
Түркістандағы бейресми саммит алдында ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, алғашқы бесжылдық қандай жетістіктермен түйінделіп жатқанын айтты.