ЖИ геология саласындағы мамандарды алмастыра ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 10-15 жылда ЖИ жер қойнауын барлау секторында өте жақсы көмекші құрал болады. Бірақ бәрібір де адамның орнын баса алмайды. Бұл жөнінде MINEX Kazakhstan форумында «Группа ИГТ» компаниясының атқарушы директоры Дмитрий Агапитов мәлімдеді.
Оның сөзінше, саланы терең меңгеріп, кәсіби маман болу үшін қызметкерлер 12-15 жыл жұмыс істеп, мол тәжірибе жинауы керек. Сондықтан жобаларды ЖИ-ге басыбайлы тапсыру орынсыз.
– Геологиядағы жобаларға ЖИ-ді енгізу және дамыту мәселесімен 6 жылдан бері айналысып келе жатырмыз. Ол мамандарды жұмыссыз қалдырады деген пікірдің маркетингтік дақпырты басым, - деді Агапитов.

Әйтсе де, оның сөзінше, алдағы 10-15 жылда жағдай өзгеруі де мүмкін.
– Мысалы, Қытайда автокөлік құрастыратын кей цехтарда 2-3 адам жұмыс істейді. Өйткені, құрылғыларға автоматтандырылған жүйе енгізілген. Ал табиғатқа мұндай ереже жүрмейді. Жер қойнауы әр тұста әр алуан әрі күрделі. Сондықтан геологияға ЖИ-ді толыққанды енгізу әзірге мүмкін емес. Ол тек ірі көлемдегі ақпаратты жинап, өңдеуге көмектесе алады. Алайда 10-15 жылдан кейін технология қалай дамитынын көре жатармыз, - деді Агапитов.

Сонымен бірге, қазір геологияда ЖИ-ге тиісті нұсқаулықтар беріп, жұмысын тексеріп, қажет болса, түзетіп отыру қажет.
Айта кетейік, бұған дейін аталған форумда металдарды қайта өңдеу мәселесі талқыланғанын жазғанбыз.