ЖИ Қазақстандағы еңбек саласын қалай өзгертеді

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова  жасанды интеллект Қазақстандағы жұмыспен қамту саласын қаншалықты өзгертетінін айтып берді.

ЖИ
Фото: publicdomainpictures.net

Оның айтуынша, 31 қазанда QS президенті және негізін қалаушы Нунцио Квакварелли «Қазақстан – академиялық білім аумағы» атты Стратегиялық серіктестер форумында еліміздің еңбек саласына жасалған талдауын таныстырған.

– Болжам бойынша, жасанды интеллект Қазақстандағы жұмыспен қамту саласын айтарлықтай өзгертеді. 2035 жылға қарай мамандықтардың 53%-ына дейін ішінара автоматтандырылады – ең алдымен күнделікті қайталанатын тапсырмалар көп орындалатын бухгалтерия, қаржы, логистика және әкімшілік жұмыс салаларында, – деді Г.Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сонымен бірге ЖИ арқасында технология, энергетика, медицина, деректер туралы ғылым және креативті индустрияларда жұмыс орындарының 70%-ына дейін тиімдірек болуы мүмкін.

Сондықтан деректерді талдау, машиналық оқыту, цифрлық инженерия, киберқауіпсіздік мамандарына және техникалық әрі талдау дағдылары қатар қажет болатын жаңа аралас мамандықтарға сұраныс артады.

– Халықаралық зерттеулер ЖИ жұмыспен қамтуды тікелей қысқартпайтынын, бірақ еңбек мазмұнын өзгертетінін растайды. Талдау көрсеткендей, ірі бизнес цифрландыруға, автоматтандыруға және ЖИ-ді енгізуге жоғары дайындық танытып отыр. Олар қазірдің өзінде ішкі зерттеу орталықтарын, деректер базасы кеңселерін құрып, машиналық оқытуды енгізіп жатыр. Сондай-ақ AI-мамандарына, дата-аналитиктерге, цифрлық архитекторларға, технологиялық процестерді автоматтандыруды қолдау инженерлеріне сұраныс білдіріп отыр, – деді вице-министр.

Сондықтан ірі бизнес кадрлар даярлауға белсендірек қатыса бастады. Мәселен, кәсіпорындар жоғары оқу орындарында өз зертханаларын құрып, студенттерге грант бөледі

Айта кетейік, OpenAI Қазақстанның 165 мың педагогіне тегін лицензия беретін болды.

Сондай-ақ, Қазақстанда 385 мамандық жойылып барады.

Соңғы жаңалықтар