ЖИ арқасында күдікті транзакцияларды анықтау 80 есе жеделдетілді — Ұлттық банк
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit саммитінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жасанды интеллект көмегімен алаяқтықтың алдын алу жеңілдетілгенін түсіндірді.
Ұлттық алаяқтыққа қарсы күрес орталығында енгізілген жасанды интеллект күдікті транзакцияларды талдауды 80 есеге жеделдетті.
— Қазір алаяқтар жасайтын транзакциялар көбейіп жатыр. Бір қызметкер 100-200 күдікті төлемді бір өзі өңдеп үлгермейді. Сондықтан біз жасанды интеллект талдаушысын енгіздік, бұл жұмыс көлемін 80 есеге азайтты, — деді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жүйе ақпаратты талдауға және шешім қабылдауға көмектеседі.
Сондай-ақ Mastercard бас директоры Санжар Жамалов «multi-rail multi-money» әлемінде төлем жүйесі түсінікті болу керек екенін айтады. Ол ЖИ арқылы жасалған қауіпсіздік жүйесі барын айтты.
Сөзінше, алаяқтықтан қорғану үшін үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесі қарастырылған.
* Бірінші деңгей әрбір транзакцияның тәуекелін бағалайды және алаяқтық веб-сайттарды анықтайды;
* Екінші деңгей күдікті транзакцияларды анықтау үшін құрылғы мен төлем әрекетін талдайды;
* Үшінші деңгей бұрын белгісіз тәуекелдерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін модельдерді қолдана отырып, алаяқтықтың жаңа түрлерін болжайды.
Сонымен қатар Ұлттық банк ақша-несие саясаты шешімдерін талдау үшін қолданылатын жасанды интеллект көмекшілерін енгізді.
Ұлттық банк бұл жасанды интеллект көмекшілерін «Көгершін» және «Қаршыға» деген кодтық атаумен атайды. Болашақта «Үкі» немесе «Филина» деген ЖИ-ді қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек Ұлттық банк анти-фрод орталықтардың арқасында 120 миллиард теңгеден астам сома жалған транзакциялардың алдын алғанын айтты.
Еске салсақ, Қазақстанда жасанды интеллект пен кәсіби білімді ұштастыратын жаңа модель сынақтан өтетіні айтылды.