Жыл басынан бері 1,5 млн қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтар-шілде айлары аралығында Өзбекстанға 1,5 млн қазақстандық саяхаттап келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жыл басынан бері 1,5 млн қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, биыл Қазақстаннан келген туристердің саны 39,3%-ға артты. Былтыр сәйкес кезеңде біздің елімізден 900 мыңнан астам саяхатшы келген еді.

Жалпы, биылғы жеті айдың ішінде 6,3 млн шетелдік демалысын Өзбекстанда өткізді. Оның ішінде Қырғызстан (1,8 млн) және Тәжікстан (1,4 млн) азаматтарының үлесі басым.

Комитеттің мәліметінше, саяхатшылардың көбі Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларының көрікті жерлерін аралаған.

Қоса кетсек, жыл басынан бері 7,5 миллион шетелдік Қазақстанға туристік мақсатта келген. Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, былтыр елімізде 15 миллионнан саяхатшы демалысын өткізген.

Соңғы жаңалықтар