Жыл басынан бері 159 атыраулық банкрот деп танылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 159 азамат банкрот деп танылды. Олардың банк пен микроқаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 457 млн теңгеден асқан.
Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, соттан тыс банкроттық рәсіміне 2 234 адам өтініш берген. Дегенмен 82 пайызының өтініші қабылданбаған. Бұған борышкерлердің соңғы бір жыл ішінде несие бойынша төлем жасауы немесе олардың атына тіркелген мүлкінің болуы себеп болған.
Өтініші мақұлданған 130 азаматтың 133 млн теңге көлеміндегі берешегі есептен шығарылған.
Қалалық және аудандық соттарға азаматтардан немесе олардың өкілдерінен 590 өтініш түскен.
— Қалалық және аудандық сотқа 590 адамнан өтініш түсті. Оның 516-сы төлем қабілетін қалпына келтіргісі келсе, 74-і банкрот деп тануын сұраған. Сот шешімімен 150 адамның ай сайынғы төлем мөлшері азайтылды. Олардың қарызы 1 миллиард 700 миллион теңге. Ал 29 адам банкрот деп танылды. Олардың қарызы 324 миллион теңге, — деді Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Эльвира Оңғарова.
Сондай-ақ биыл өңірде 13 кәсіпкер банкрот деп жарияланды. Олардың жалпы берешегі 19 млрд теңгені құраса, оның 805 млн теңгесі — мемлекет алдындағы салық берешегі.
Ал төлем қабілетін қалпына келтіру рәсіміне жүгінген екі жеке кәсіпкердің жалпы қарызы 4,4 млрд теңгеден асады. Оның 1,3 млрд теңгесі салыққа қатысты.
Бұған дейін банкроттықты рәсімдеу процесі жеңілдетілгенін жазған едік.