Жыл басынан бері елордада 13 бала терезеден құлап, көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде балалардың терезеден байқаусызда құлап кету оқиғасы маңызды болып тұр. 

бала терезе
Фото: Рolisia.kz

Балалар қауіпсіздігіне қатысты соңғы мәліметпен Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Алтынбеков бөлісті.

– Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлау оқиғалары алаңдатушылық туғызып отыр. Жыл басынан бері елордада 52 жағдай тіркелді, нәтижесінде 39 бала жарақат алып, 13 бала қайтыс болды. Республика бойынша 150 оқиға тіркелді, 137 бала жарақат алып, 21-і қайғылы жағдаймен аяқталды, - деді Қанат Алтынбеков Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Спикердің айтуынша, балалардың терезеден құлау жағдайының негізгі себептері: 

- терезеге қорғау торы қойылмаған; 

- баланы қараусыз қалдыру. 

- Ата-ана мен заңды өкілдің жауапкершілігі маңызды. Заңнамаға сәйкес балаларды қараусыз қалдырған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ата-аналарды баланың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға шақырамыз, - дейді ол. 

Айта кетсек, осы шілдеде елордада бір күнде 4 бала терезеден құлап, екеуі мерт болды.  

Сондай-ақ бала терезеден құлап кетпеу үшін не істеу керектігі туралы жазған едік.  

Соңғы жаңалықтар