Жыл басынан бері өндірісте 727 жұмысшы зардап шекті
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан кәсіпорындарында еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардан 727 жұмысшы зардап шеккен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 24,5% көп.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ауыр жарақат алған жұмысшылар саны да көбейген. Былтырғы 409 адамнан биыл 476 адамға дейін өскен, яғни 16,4% көбейген.
Осыған байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ел бойынша 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды күшейту жөнінде ұсынымдар жолдады.
— Талдау нәтижесінде өндірістік жарақаттанудың негізгі себептері ретінде жұмыстарды қауіпсіз орындауды ұйымдастырудың жеткіліксіздігі, қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылаудың болмауы, ақаулы жабдықтарды пайдалану және қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізу кезінде талаптарды бұзу анықталған. Сондай-ақ нұсқама беру мен жұмыскерлерді оқытуға формалды қарау, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеу немесе оларды қолданбау, жұмыс орындарының жай-күйін жеткілікті бақыламау да жазатайым оқиғаларға себеп болып отыр, — делінген хабарламада.
Министрлік жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, жұмыскерлерді тұрақты оқытып, нұсқама беріп, білімін тексеру, міндетті медициналық тексерулерден уақытылы өткізуді қамтамасыз ету, жарамды жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамту, кәсіптік тәуекелдерді анықтап, оларды төмендету шараларын қабылдау қажет.
Жұмыс берушілер еңбек қатынастарын заң талаптарына сай рәсімдеп, еңбек шарттары туралы ақпаратты Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне уақытылы енгізуге және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға тиіс.
Кәмелетке толмаған жұмыскерлердің құқықтарының сақталуына да ерекше назар аударылуы керек. 18 жасқа толмағандарды ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ түнгі және үстеме жұмыстарға тартуға шектеу қойылған.
Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға болған жағдайда, жұмыс беруші зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, оқиға орнындағы жағдайды сақтауға және заңнамада белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге міндетті. Оқиға туралы мемлекеттік еңбек инспекциясының тиісті аумақтық бөлімшесіне бір тәулік ішінде хабарлауы қажет.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысындағы екі өндірістік апаттан үш адам көз жұмғанын хабарлағанбыз.