Жыл басынан бері Өзбекстанға 1 млн астам қазақстандық саяхаттап барған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қаңтар-тамыз айлары аралығында Өзбекстанға 5 миллионнан астам шетелдік турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезіңімен салыстырғанда 16,7%-ға көп, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстанның Туризм комитетінен мәлім еткендей, елге саяхаттап келген шетелдіктердің көбі — Тәжікстан (1,4 млн адам) мен Қырғызстан (1,4 млн адам) азаматтары.
Үштікті Қазақстан түйіндейді.
Биыл қаңтар-тамыз аралығында Өзбекстанда 1 млн 20 мыңнан астам қазақстандық демалысын өткізген.
Қоса кетсек, биыл Өзбекстан 2,2 млн қазақстандық туристі қабылдауға ниетті.
Өткен жылы Өзбекстанға барған қазақстандық туристердің саны 1,3 миллионнан асқан еді.
Саяхатшылардың көбі Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларының көрікті жерлеріне жиі барады.
Өзбекстанның Туризм комитетінен мәлім еткендей, қазақстандықтар үшін Қарақалпақстан да танымал туристік бағыттардың бірі саналады.