Жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің кемінде 5 пайыз өсімін қамтамасыз ету қажет – Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мақұлданды.
- Көрсеткіштерге қол жеткізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Жеті айда экономиканың өсуі 4,1 пайыз болды. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайыз өсімін қамтамасыз етуіміз қажет. Болжамда экономикадағы қазіргі жағдай, дамудың сыртқы факторлары және халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалауы ескерілген. Республикалық бюджет туралы заң жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерін шешу кезінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттілігін есепке ала отырып әзірленді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі — инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу, - деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Осы орайда ол барлық мемлекеттік органдарға еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеті — жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыру, ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адам капиталын дамытуға бағыттай отырып, қаржылық тәртіпті күшейту.
Айта кетейік, Үкімет алдағы 3 жылда Ұлттық қордан 5 трлн теңге нысаналы трансферт алмақ.