Үкімет алдағы 3 жылда Ұлттық қордан 5 трлн теңге нысаналы трансферт алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 3 жыл ішінде бюджет тапшылығы 4 трлн теңге болады. Бұл туралы Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын жарияланған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Ұлттық қордың қаржысы
Коллаж: Kazinform; Freepik

- Тауарлар экспорты болжам бойынша 2027 жылы 82,8 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 88,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі, импорт 80,5-тен 88,4 млрд АҚШ долларына дейін. Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз, 2028-2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейінде анықталған, - деді ол.

Серік Жұманғарин макро болжамның негізінде республикалық бюджеттің кірісі болжам бойынша 2027 жылы – 19,9 трлн теңге, 2028 жылы – 21,7 трлн теңге, 2029 жылы 23,4 трлн теңге болатынын айтты.

- Кепілдендірілген трансферт бюджет ережесін ескере отырып 2027-2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Сондай-ақ аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028-2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған, - деді вице-премьер.

Айта кетейік, Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюдет туралы» заң жобасы, сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыға салынады.