Жыл сайын 3 мыңға жуық талапкер мемлекеттік гранттан бас тартады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл сайын шамамен 3 мың талапкер мемлекеттік білім грантынан бас тартады. Босаған гранттар кейін конкурсқа қатысқан өзге талапкерлер арасында қайта бөлінеді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті басқармасының басшысы Жандәулет Құдайбергенов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.
Оның айтуынша, республикалық бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік білім гранттарына конкурс 20 шілдеге дейін жалғасады. Ал оның қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланады.
— Тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын шамамен 3 мың мемлекеттік білім гранты босайды. Оның негізгі себебі — грант иегерлерінің бір бөлігі шетелдік жоғары оқу орындарына түседі, енді бірі мерзімді әскери қызметке шақырылады немесе түрлі жеке жағдайларға байланысты оқуын жалғастырмайды, — деді Жандәулет Құдайбергенов.
Оның сөзінше, негізгі конкурс аяқталғаннан кейін бос қалған гранттар қайта үлестіріледі.
— 10 тамыздан кейін бас тартылған гранттардың тізімі қалыптастырылып, тамыз айының ортасынан қыркүйектің басына дейін қайта конкурс өткізіледі. Бұл ретте талапкерлерден қосымша құжат талап етілмейді. Себебі олар негізгі конкурсқа қатысқан кезде барлық қажетті құжатты өткізген, — деді комитет басқармасының басшысы.
Босаған гранттар негізгі конкурсқа қатысқан талапкерлер арасында ҰБТ нәтижесі мен конкурстық іріктеу қорытындысына сәйкес қайта бөлінеді.
— Осылайша мемлекеттік грантқа өте алмаған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік беріледі, — деді ол.
Еске салайық, биылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде тест 422 мың рет тапсырылды.