Жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастау қажет – Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырды.

а
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Энергия көздерін жөндеу мерзімдерін ұзарту жағдайлары әлі де жалғасып жатыр. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігі мен іс-шаралардың уақытылы қабылданбағанын көрсетеді. Энергетика министрлігіне әрбір осындай факт бойынша әкімшілік шаралар қабылдауды тапсырамын. Жөндеу науқанының мерзімін бұзған немесе оны созып жүрген басшылардың жауапкершілігін де қарау қажет. Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлік паспорттарын алу жұмыстары басталды. Әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырамын, - деді Премьер-министр.

Оның атап өтуінше, энергия көздерінің, жылу және электр желілерінің жай-күйін тұрақты негізде тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысы мен қажетті материалдық ресурстардың болуын бақылауда ұстау қажет.

- Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кететін болса, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады. Жалпы Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. «Самұрық-Энерго» жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуын ғана емес, жаңа қуаттарды іске қосуды да қамтамасыз етсін. KEGOC компаниясы желілер мен қосалқы станцияларды жөндеудің бекітілген кестесін орындауға тиіс. Жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастау қажет, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, отырыста Үкімет басшысы Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырды.