Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жылу және электр желілерін жаңғыртуға 4 трлн теңге жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов республиканы жылумен және электрмен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде мәлімдеме жасады.

Жылу және электр желілерін жаңғыртуға 4 трлн теңге жұмсалады
Фото: UzDaily.uz

Оның сөзінше, «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасында жылу және электр желілерін жаңғырту қарастырылған.

Атап айтқанда, 1,6 мың шақырым жылу желісі жаңартылып, оған 1,3 трлн теңге жұмсалмақ.

Ал 77,5 мың шақырым электр желісін жаңғыртудың құны 2,7 трлн теңге болмақ.

— Бұл жұмыстар 2029 жылға қарай ел бойынша жылу және электр желілерінің орташа тозу деңгейін тиісінше 52%-дан 42% -ға және 74%-дан 45%-ға төмендетуге мүмкіндік береді, — деді министр.

Ерлан Ақкенженовтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Энергетика министрлігі ұзындығы 11 561 шақырым электр желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша сомасы 514,5 млрд теңгелік 246 жобаны іске асыруды қолдады.

— Қазір 70,2 млрд теңгенің 61 жобасы құрылыс-монтаждау жұмыстарының әртүрлі сатысында. Ал 269,7 млрд теңгенің 113 жобасы бойынша EPC-мердігерді және техникалық қадағалауды анықтау бойынша сатып алу рәсімдері өтіп жатыр. Құны 11,2 млрд теңгелік бір жобаның тарифі анықталып жатыр. Сонымен қатар, 163,4 млрд теңгенің 71 жобасын іске асыруға министрлік келісті және ол жобалар қараудың бірінші кезеңінде, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде қуаты 7,3 ГВт жаңа генерация көздері іске қосылатынын жазғанбыз.