Жымқырылған миллиардтар: ШҚО-да құрылыс компанияларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында алданған үлескерлер екі миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылды. Осыған байланысты бірқатар құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 жымқыру
Фото: Kazinform

Соның бірі – «Royal Finance Group» компаниясы салған «Emeralds» тұрғын үй кешені. Компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

- Сот айыпталушыларды үлескерлердің қаражатын жымқырғаны үшін алты және жеті жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Іс материалдары апелляциялық сатыда қаралып жатыр, - деп хабарлады ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінен.

«Emeralds» кешенінің құрылысына барлығы 106 үлескер тартылып, 115 пәтерге келісімшарт жасаған. Келтірілген жалпы залал мөлшері - 1,8 миллиард теңге.

- Нысанда алғашқы екі блоктың алты қабаты және үшінші мен төртінші блоктардың бес қабаты тұрғызылған. Дайындық деңгейі - 35 пайыз. Бүгінде құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, - деді ШҚО мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Самат Қайырдинов.

Ал «Diamond» тұрғын үй кешеніне 48 үлескер тартылған.

- Аталған нысан бойынша «КЖК» АҚ кепілдігі бар. 2024 жылғы 28 тамызда кепілдік жағдайы тіркеліп, енді құрылысты мемлекеттік компания жүргізіп келеді. Қазіргі таңда төрт қабат тұрғызылып, жалпы дайындық деңгейі 20 пайыз болды, - деді С.Қайырдинов.

Бұған қоса, басқарма интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында рұқсат құжаттарын рәсімдемей пәтер сату туралы жарнама жасағандарды анықтаған. Заңбұзушылықтар жеті тұрғын үй кешеніне қатысты тіркелді. Атап айтқанда, «Muztau», «Park Line», «Grant Residence», «Asyl Tay», «Riverside», «Renesans 3» және «Viva Park».

- Бұл нысандар бойынша қалалық сәулет бөлімі мен прокуратураға тиісті хаттар жолданды. «Viva Park» кешені бойынша бірінші сатыдағы сот жарнаманы тоқтату туралы шешім шығарды. Себебі құрылыс салушыда рұқсат құжаттары болмаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Еске салсақ, осыған дейін 2026 жылы үлескер ретінде алған пәтерін сатқандардың бір бөлігі салықтан босатылатыны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар