Жиырма жылда жеткен жетістігіміз Елбасының арқасында мүмкін болды - А.Алматов
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор Алмас Алматов Елбасының кезекті Жолдауына байланысты пікір сұрағанымызда мынадай ойлардың арқауын тарқатты.
- Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында қоғам өміріндегі өзекті деген мәселелер толықтай қамтылған. Қай саланы алып қарамаңыз, қарышты дамуға бет алдық. Денсаулық пен білімге айрықша көңіл бөлініп отыр. Күн сайын түрлі жағымды жаңалықтардың куәсі болудамыз.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы дамуды өткен жылдармен салыстыра алмайсыз. Кіші кәсіпкерлік кең етек жайып келеді. Оларға қамқорлық артып, түрлі тосқауылдар азайды. Қайда да серпінді жандану бар. Тілге деген құрмет артты. Оны өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуге деген ұмтылыстарынан аңғару қиын емес. Уақыт талабын тілегі бір ағайындар түсініп келеді. Осы жетістіктердің барлығы айналдырған жиырма жыл ішінде болып жатыр. Жолдауда Елбасымыз: «Біз діттеген межеге 33 жылда емес, бір мүшел жаста жеттік!» деп ақиқатын айтты. Бұл сөзге ешкім таласа қоймасы анық.
Талай қилы замандарды басынан өткеріп қазақ халқы санының кемігені шындық. Ал тәуелсіздік жылдары басқа елдерден 800 мыңнан астам отандастарымыз келді. Ұлы көш әлі жалғасын таба береді. Осы аз бақыт па?!
Біз өнер адамдары ел ішін көп аралаймыз. Ауылдар бүгінде қатты өзгеріп барады. Жаңадан салынған қаншама мәдениет үйлері бар. Түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мешіттерге барған жастарды жиі көремін. Соған қуанамын. Өткен жылы өтіп, биылғы жылы өткелі жатқан тарихи оқиғалар қазақ елінің мәртебесін асқақтата береді. Біз бабалар армандаған күндерде ғұмыр кешіп жатқанымызға шүкіршілікпен қарауға тиіспіз. Елбасының кемеңгерлігін оның әр сөзінен аңғаруға болады. Алдағы он жылға көшбасшылық жасау сенімін артқаны үшін халқы мен оның қалаулыларына алғысын жеткізді, міне бұл да халқына тән даналық пен қарапайымдылықтың белгісі деп ойлаймын.