Жиырма жылдың ішінде Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 100 есе өсті

Бұл туралы бүгін Бейжіңде ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің кезекті конференциясында коммерция министрінің орынбасары Цзян Яопин мәлім етті.
Цзян Яопиннің айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес Қытай Қазақстан мен Түрікменстан үшін ірі сауда әріптесі, Өзбекстан мен Қырғызстан үшін - екінші және Тәжікстан үшін - үшінші сауда әріптесі болып отыр.
«Соңғы жылдары Қытай мен Еуразия елдері арасындағы тауар айналымы шапшаң ұлғайып келеді. «Қытай-Еуразия» ІІІ ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру және өткізу қытайлық және еуразиялық кәсіпорындар үшін өзара ынтымақтастықтың жаңа тұғырнамасы болып табылады», - деп атап өтті ҚХР коммерция министрінің орынбасары.
Сонымен бірге, Цзян Яопин өткен жылдың қорытындыларымен ҚХР мен РФ-нің сауда айналымы 88,2 млрд. доллар болып, бұл көрсеткіштер бойынша Қытай Ресей үшін ірі сауда әріптесі болып отырғанын алға тартты.
«Қытай мен Еуразия арасындағы сауда қатынастары біздің сыртқы саудамыздың маңызды құрамдасы», - деді Цзян Яопин.
ҚХР коммерция вице-министрінің пікірінше, Шыңжан сыртқы ашықтықтың жаңа моделін құруда. ШҰАӨ сегіз елмен шектеседі, шекара бойында 17 бірінші санаттағы және 12 екінші санаттағы бақылау-өткізу бекеттері орналасқан. 2013 жылдың алғашқы төрт айында Шыңжанның сыртқы сауда көлемі 7,14 млрд. долларды құрады және бұл көрсеткіш бойынша ШҰАӨ Қытайдың бес солтүстік-батыс провинциясы арасында бірінші орынға шығып отыр.
Еске сала кетейік, 2013 жылғы қыркүйекте ҚХР ШҰАӨ-нің Үрімші қаласында «Қытай-Еуразия» ІІІ ЭКСПО көрмесі өтеді.