Жоғарғы Сот төрағасы Түркияның Бас прокурорымен кездесті

АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров Түркияның Бас прокуроры Хасан Эрбилмен кездесті.

Жоғарғы Сот төрағасы Түркияның Бас прокурорымен кездесті

Б. Бекназаров мәртебелі мейманға Қазақстандағы сот жүйесінің құрылымы және соңғы жылдары адамдардың құқықтарын сақтау бағытында жасалып жатқан реформалар жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, алдағы жылдары Қазақстанда алғашқы сот инстанцияларының, сонымен бірге аппеляциялық және кассациялық соттардың рөлін арттыруға көңіл бөлінетін болады.

«Ең басты құндылық - ішкі тыныштық пен тұрақтылық. Сондықтан Қазақстанда заңдылық пен әділдіктің сақталуын қамтамасыз ететін соттарға үлкен мән беріліп келеді», - деді Б. Бекназаров.

Өз кезегінде Х. Эрбил Түркиядағы прокуратура органдарының және сот жүйесінің негізгі ерекшеліктеріне тоқталып, оның республикалық және аймақтық құрылымдарының функциялары жөнінде хабардар етті. Оның айтуынша, Түркияда Бас прокурордың лауазымы сайланбалы. Оның кандидатурасын сайлауға сот жүйесінің өкілдері қатысады. Бюджеттік қаражаттарды игеруге қатысты істер Есеп сотында қаралады. Сот істерінің ең соңғы инстанциясы Жоғарғы кассациялық сот болып табылады.